Жалпы Адайлар Жөнінде

     Адайлар! Бұл руды кең-байтақ қазақ елінің бәрі дерлік білуі былай түрсын, көршілес жүрген өзбек, түрікмен, қарақалпақ халықтарының да көпшілігі біледі.

Біз Адай руын сөз етеді екенбіз, әуелі Құрманғазының «Адай» күйін тыңдағанымызды еске түсіріп өтейікші: «Нөсерлетіп құйып түрған өткінші жауын ба, әлде ышқынып соғып тұрған ала боран дауыл ма, болмаса жауға аттанған мың сан қолдың дүбірі ме, әйтеуір аса бір күшті, шап-шаң серпінмен дүрсілдете төгілген күй ырғағы құлағымызға келеді.Ара-тұра сәл баяулап алғанымен, күй әуені бұрынғы ырғағына қайта басып орала береді де, ақыры күшті сарынмен  кілт тына тоқтайды». Күйдің бұл тұстары «Адай білем дүркін-дүркін көтерілетін» деген халық мақалын еске түсіреді. Қайткенмен де күй атасы атанған Құрманғазы осы бір  шапшаң ырғақты, дүбірлі әуенді «Адай» күйін тектен тек шығара салмаған болуы керек. Өжет мінезді, өрескел жүрісті, асығыс сөзді, ұрда–жық келетін тегеурінді тентек елдін бар мінез–құлық, жүріс–тұрыс болмыстарын күй тербелістері арқылы бере білген сияқты.

                    «Жақсыға да бір атақ, жаманға да бір атақ» дегендей, бүл рудың атағы кең жайылып, жұртшылыққа танымал болуының себебі неден десек, бірінші жағынан, олардың көптігінен болса, екіншіден, сертіне берік, сөзіне тұрақты, дұшпанына сұсты, жауын көрсе тартынбас ерлігі, ұрандасқан бірлігінен деп айтуымызға болады. Қалайда ғалымдарымыздың назарына ілініп, сөз етуіне карағанда, Адайлардың Кіші жүз құрамындағы өзге рулардан аз да болса өзгешілігінің болуы мүмкін. Мәселен, ертеректе Адай әйелдерінің қызыл түске әуес болуы. Ал қарттарының сыртқы киімдері мен Адай тымағы делінген бас киіміндегі өзгешелігі. Адай тымағының өзгешелігі Қашаған мен Ізім айтысында да сөз болатындығы. Ат мініп жолға шыққандығы, жүріс- тұрыс қимылдары. Ер- тұрман әбзелдері. Үй-мүлік жиһаздары, шаруашылыққа байланысты ырым- жоралғылары, ата–бабалар әруағына наным–сенімдері, қолөнер шеберлігі, әсіресе тастан қиюлап, биік төбелі там кесене тұрғызуы, өнерлі құлпытастары, әйгілі шыңырау құдықтарымен де дараланып түрады.

                      Ал түр–түсіне келсек, бет пішіні сәл сопақтау келген, ұзын мұрынды, сарғылт өңділеу, ірі денелілеу болып келетіндігі.

                  Жүрістері « аттаншы, аттан» деп түрғандай дегбірсіз жылдам, үй ішінде отырғанда да бір нәрсені ұстап көріп, отыруды тілейтін тынымсыз. Асығыс сөзді, даурықпалау. Айқай –шуға құлақ түргіш елірме, қарсылық сөзді котере бермейтін шыдамсыз. Ойға келгенін айта салатын өркөкірек, өжет. Тіпті, жанжалдасуға да жақын баратын ожар. Қысқартып айтқанымызда: алды–артын байқамай айта салатын немесе алыса кететін, нағыз есерсоқ , елірме ақкөз Адай! Қарсыласқанда қасарма, сіздікі дүрыс дегенді ұнататын өзімшілдігі басым даңғой.

             Бірақ, сонысына қарай қайтымы жылдам, аңқылдақ, жайма, ақ көңіл. Алды–бердіні көп ескере бермейтін, қонағына көңілі ашық төкпе.

             Жүріс –түрысына сәйкес, киім – кешектері де қарапайым, салбыр –салақтау.

Міне, осындай коріністерімен олар өзге рулардан ерекшеленіп тұрады десек те болады. Мәселен, біз қазақтың шалғай жатқан басқа руларымен салыстырып жатпай- ақ, бір-бірімен қатар қоныстанып жүрген Әлім, Табын, Адай руларын алып қарасақ, Әлімдер Адайларға қарағанда кеңпейіл, қарапайым, әдепті, сабырлы, жуас, тілі жүмсақ, бауырмал. Бір нәрсені біліп істеп, ойланып айтуды жөн көретін аңдампаз. Көңілі ашық, қонақжай ел. Білікті билері де көп шыққан. Кіші жүз ішіндегі өскен рулардың бірі. Үй-жиһаз, тұтыну заттары да сәнді, киім-кешектері де қазақыдан келген жарасымды.Ал Табындарға келсек, олар Адайлардай аңқылдақ емес, шетінен пысық, талапкер, күнкөріске епті. Тіл тауып араласқыш, ұтылмайтын есепшіл, жүріс-тұрысы жинақы, пікірлі ел. Бойға шақтап, сыпайылау киінуді ұнатады. Міне, бүларға қарағанда Адайлардың недәуір өзгешеліктерінің бар екендігін жоғарыда айтып  өттік.

           Адай ақын-жырауларының қай-қайсысы болмасын «Ерлерімді жырламай, не коремін өнерден» деп бәрінен де ерлікті артық санайды. Ақындарымыздың бірі-Тіней Закарияның толғауларын еске түсіріп өтелік: -

«Адай деген ел едік,

Әруағы  бұлттай торланған,

Есепсіз дәулет құлданған.

Екі талай жер болса,

Бір жағын күшпен қолға алған,

Батырлық, байлық, биліктен

Жоқ еді жері құр қалған.

Байларым болды паналы

Көкорай көлдей ырғалған.

Билерім болды кемеңгер,

Кенесін кеңге мол салған,

Көрсетіп үлгі жол салған.

Қасарған жерден қан алған

Ерлерім өтті тұмсарған» -

деп, Закария да сөз басын Адай елін дәріптеуден бастап, сөз соңын «қасарған жерден қан алған» ерлерін еске алумен аяқтайды. Шындығында да, кезінде ерлігімен аты шыққан ұлы бабасы Адайдың ерлік жолын жалғастырған Адай елінен көптеген ерлердің шыққандығы да белгілі. Әрине, бұл біздің ерлер Адайдан шыққанда, басқалар құр алақан  қалды деген сөз емес, қазақ елінің қай руын алсаң да, арасынан тарихымызға із қалдырған небір берендердің шыққандығын білеміз.

    Әйтсе де, «Кіші жүзді жауға қой!» дегендей, Кіші жүз ішіндегі ірі рулардын бірі – Адай елінен халық батырларының көбірек шыққандығын еске алу үшін де ақындарымыздың жыр-толғауларынан үзінді келтіріп отырмыз.Шындығында Адай елінен батырлар көп шыққандығы ел аузындағы әнгімелерде де айтылады. Жазба деректерде  де кездеседі. Атағозы мен Лабақ, Қонай мен Төлеп, Қармыс пен Өмір бастаған Адай батырларының Маңғыстаудан қоныс алуының өзін де мақтанышпен тілге тиек етуге болады. 

     Ғалымдарымыздың Адайларды көршілес қазақ руларынан бөле–жара сөз етуіне қарағанда олардын сезілетіндей өзгешеліктерінің, бар екендігін байқағандығынан болар деп те ойланамыз.

        «Адайлар да көне тайпалардың қалдығы» деген болжаулары соған саятын сияқты.

        Патшалық Ресей кезіндегі ресми құжаттарда қазақ  деудің орнына Адай деп жазылуы да, Адай уезі делінуі де көнілімізге біраз ой салуда. Санкт –Петербург университетінің аспирантурасына түсіп, оқып жүрген кезінде академик, әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан Адайлар арасында болып, осы елдің түрмыс –салтын, әдет –ғұрпын, киім- киістері мен сойлеу тіл мәнерін де, басқа түрдегі байқалатын өзгешіліктерін де қағаз бетіне түсірген деседі.

     1930 жылға дейін Адай округі болып аталып келгендігі де олардың ауыл іргесі Маңғыстауда болып елдігін сақтап тұрғандығында, бұл елге мақтаныш деуімізге де болады.

        Исі қазақтың адайларға өкпесі болмауға тиіс. Мына ақиқаттан қалай аттап өте аламыз, адайлар қазаққа:       

1.Күллі қазақты байлыққа кенелткен Маңғыстауға ие қылды;

2.Мұсылман әлемінде Мұхаммед пайғамбар мен данышпан Иассауиден

соң Пір Бекетті дүниеге әкелді;

3.КазЦИК-тің алғашқы төрағасы Жайлау Мыңбаевты берді;

4.Данышпан ұл- Әбіш Кекілбайұлын сыйлады ;

5.Алып Ресейдің патшалығына тең түсетін, жұрты мойындаған Аман Толеевті берді ;

6.Қазақтың тұнғыш генералы Шәкір Жексенбаевты берді;

7.Қазақстан боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлын берді ;

8. «Ақмышта туып, АҚШ-тан озған» - Әмин Тұяқовты берді ;

9. «Етек (юбка) киген Махамбет» атанған – Фариза (Онғарсынова ) қызды берді;

10.Қазақтың киелі жырының алтын діңгектері: Өтежан Нұрғали мен Есенғали Реушенді берді; 11.Адамзат дүниесінде төнкеріс жасаған Тайжан Досан мен Серікбол Қонбайды берді;

 

      Ал, Мырзағұлұлы пір Бекет ата кімнен тарайды десек? Ол былай: Елтай – Адай – Келімберді – Мұнал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл –Бекет. Бекет атаның бес баласы болған: Бәйтелі, Жайлау, Тоғай, Байңылы, Қодар. Бекет атаның (1750-1813ж.ж. ) туған жері Жем бойы (қазіргі Ақмешіт Қүлсары қаладаң 60-70км), мүрдесі Маңғыстаудағы Оғландыда (Ақтаудан шамамен 300-350км) жерленген.

 

     Енді  біздің тікелей ата-бабаларымызға көшсек деймін, олар:Елтай – Адай – Қүдайке – Қосай – Байбол – Мәмбетқұл – Тоқмамбет(Тоқпанбет) – Шыбынтай – Бұланай – Кеңтоғай – Бейіс – Қашқынбай – Шаит – Махмуд – Жанарыс – Исмағзам – Мәлік. Осы ата –бабаларымыз  жоніңде қандай ақпарат бар?