Біздің Ата-Бабаларымыз

        Қазақ рулары ішіндегі ғалымдарымыздың назарына іліккен рулардың бірі – Адайлар. Олар жайында жазылған жазбалар да, аңыз түрінде айтылатын әңгіме түрлері де баршылық.

      Қазақ энциклопедиясында: «Адай, – Кіші жүздін Байұлы құрамына кіретін ең үлкен ру. Арғы тегі Каспий тенізінің оңтүстік шығыс жағалауын мекендеген ежелгі ДАЙ (ДАХ) тайпалары болса керек» - деп болжам жасайды.

       Ал жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әнес Сараев «Адайлар» делінген («Қазақстан әйелдері», 1999ж. №8) журналындағы жазбасында «Ғылыми айналымда Адайлар Дахтан, Дайдан тараған деген болжам бар», - деп айтады. Оның көрсетуінше Дах деген адамның үш қызы болған, олар; Дити, Дана, Ади дегендер. Осы үш қыздан тайпа ел тарапты; Дитиден – Дайлар, Данадан – Данаевтар, Адиден – Адтар дей келіп, ежелгі Адтар болса қазіргі Адайлардың түп атасы деп көрсетеді.  Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан болса, Адайларды ғұн тайпасының қалдығы ретінде айтады. Бұл мәселе белгілі ғалымдар Н.А. Аристов, В.В.Бартольд, С.В. Радлов, С.В.Кисилев,  А.Н.Берштам, С.П. Толстов, тағы да басқа көптеген ғалымдардың еңбектерінде анық сипатталған деп жазады. («Білім және еңбек» журналы, 1981ж. 26 бет). Ал Маңғыстау энциклопедиясында:«Адай өмірде болған адам,шамамен ХV ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген»,деп көрсетеді. («Маңғыстау энциклопедиясы», 1997ж., 198 бет).

       Енді халық шежіресіне де көңіл бөліп көрелік. Халық шежіресінде Адайдың әкесі Елтай. Ал, Елтай кімнен туған? Осы жайлы үлкендеріміз былай әңгімелейді: 

Бірінші нұсқа. Әйгілі шежіреші Алшын Мендәлиев (Адай шежіресі, 2002ж.): «Қыдырқожа байдың Атақожа деген бір көршісінен Ештай, Елтай деген екі бала қалады. Ештай әкесі Атақожаның тірісінде үйленіп, одан Беріш туады. Елтайдың қайраты мен ерлігіне Қыдырқожа өте риза болып оған жалғыз қызы Қанбибіні береді» дейді.

       Екінші нұсқа. Шежіреші қарттарымыздың айтуынша(«Қосай ата» 2007ж.(23-25бет) Байқожамен Қыдырқожа екеуі туыстас кісілер болғандығын еске салады. Екеуі де бай- дәулетті, малды болған деседі. Күндердің бір қуаңшылық жылында Қыдырқожа бай ағасы Байқожадан бөлініп, Сыр бойына қарай қоныс аударып кетеді де, Байқожа қалмақ жерімен шектес қонысында отырып қалады. Күндердің күнінде Байқожа байдың ауылын төңірегіндегі қазақ ауылдарымен қоса қалмақтар шауып, дүние-мүліктерін тонап, малын айдап алып кетеді. Сол шапқыншылықта Байқожаның Ата, Қалпақ, Естай атты үш баласын қатар өлтіріп, әйелдері шулап жесір қалады. Бір жақсысы, сол күні аңға кеткен Елтай бала бұл шапқыншылықтан аман қалады, кештетіп ауылына келсе, шабылған ауылдың орнында шуласып жеңгелері отыр, ағалары өліп жатыр. Содан, қалған ел адамдары болып жерлеп, тірі қалғандары ағайын туыс, жекжаттарын іздей бастайды. (Бұл тұстары бұлардың Қыдырқожа байдың айырылысқанына да бірталай жылдар өтіп кеткен болса керек.)

         Іштерінде ең үлкені – Атаның әйелі қайын інісіне Елтайға «туысымызды іздейік» деп кеңес береді. Сөйтіп, Елтай бала ағасы Атадан қалған Темір інісі мен оның шешесін және Қалпақ пен Естайдан жесір қалған, аяғы ауыр екі жеңгесін ертіп жолға шығады. Бір жақсысы, бұл кезде Қыдырқожа ауылы Сыр бойынан кейін шегініп, Қазығұрт тауын маңайлап отырған тұстары болса керек. Ақыры сұрай-сұрай Елтай бала Қыдырқожа байдың ауылын табады. Сонымен бұрыннан естіліп жүрген көне әңгіме ізін ықшамдап айтқанымызда, Елтай бала Қыдырқожа байдың Жәмби атты бәйбішесінен туылған Анайы атты қызымен көңіл қосады. Мұны сезген қыздың шешесі шалына айтып, «әдетімізге қисық болса да, шариғатқа түзу» деп Анайыны Елтайға қосады. Дегенмен, «естір құлаққа ерсілеу» дегендей, ұяттылау көріп, көп онша жария етпесе керек. Міне, осындай жолменен Анайы мен Елтайдың қосылуы соңында Адай жайында айтылатын нағашы-жиенділік дегендей әзіл сөздерге арқау болғандығы да белгілі. Кейбір әзілкештеріміз Адайды әкесіз, қыздан туылған деп келеке етулері негізсіз, бос сөздер.

      Үшінші нүсқа. Мақсот Неталиев «Кіші жүз шежіресінде» (2007ж.) 99беттен: « Жетіру Табынға жататын Нұрпеке деген қазіреттен жазып алынған «Адайдың мәнісі былай,-депті қазірет өз сөзіңде. Орта жүздің Тоқтамыс деген ханын Едіге батыр шапқан кездеЕлтайдеген бір балаң жігіт қолға түспей, қашып құтылып Кіші  жүзге- Қыдырқожаға барған да, кейін соған бала болған. Байдың Шамсиябану атты қызы(бір нұсқа да Қанбібі делінген ғой, ал бірде Анайы болып жүр) бар екен, сол ойда-жоқта жүкті болып, ұл табады. Мұны есіткен Бай (Қыдырқожа): «Баланың әкесі кім?»- деп сұраса, қыздың өзі: «Әкесі алыста емес, Елтай деген жігіт»-деп жауап береді. Бай сонда: «Мақұл, қызым ұлының  әкесін айта алмай ма деп күдіктенген ем, ендеше бақытты, әрі бай болсын, төрт құбыласы сай болсын, ұлдың аты Адай болсын, маған салса Құдай болсын!»-деп ақ батасын беріп, қызын Елтайға некелеп қосқан екен деседі».                                                                                 

         Осы әңгімені Қашкынбай немересі Шаитұлы Сайхал-ата 1958ж. қысқаша Адай шежіресіңде былай деп жазған: «Елтайдың түп негізінде Тоқтамыс ханның нәсілі деген бар».

Менің ойлауымша осы(үшінші) нұсқа шындыққа жанасады.

          Бірінші  себеп: Байқожамен Қыдырқожа туыстас кісілер болса, олардын балалары Елтай, Анайы (жеті атаны еске алып отырсақ) қосылулары тиіс емес.           

        Екінші себеп: Авторы: Ө.Қалбайұлы «Қосай ата» кітаптан Алматы 2007ж. (13-15беттен)- «Біздің байқаумызша, Алшын мен Алаудан ары қазаққа дейінгі аралықта аталмай қалып түрған, бізге белгісіз аталық орындар бар болар деп ойлаймыз.Оған дәлеліміз Адай жыршылары  арасында айтылған «Алаңқай батыр» атты жыр-дастан болған. Бұл жыр-дастанды кезінде Өгізбай жырау жырлап, одан шәкірті Қалниязға ауысқан деседі. Солардан қалған жыр желісі Сабыр жыршының айтуымен бізге жетіп отыр.

         Осы жыр дастан желесі Еділ-Жайық бойынан бастау алады да, ертедегі кездерден елес береді. «Алаңқай батыр» жыр-дастанының жалғасы болған «Алақай батыр» жырының Сабыр жыршы айтатын нұсқасында:                                                                      

«Айтып кеткен секілді ,                                                                                                                    

Алаңқай жұртын Адай деп  

Айтуға жеңіл, оңай деп  

Айтады екен шалдарым: 

Алақайдың ұрпағы - 

Ер Қосай, Жанақ, Шабай деп   

Атағозы, Ер Қармыс 

Қазыбек, Шотан, Қонай деп  

Әулие Бекет ұрпағы  

Айтылған сөз солай деп  

Алақайдан тараған,     

Осы жүрген Адай деп»,-      

Адай елінің шығысын осылайша  өрбітеді..                                                                   

       Осы  сөздерге мән берсек, жырдағы Алаңқайымыз -Арғынбек батырдың шөбересі ғой. Сонда Арғынбек батырымыз қазіргі Адай елінің арғы бабасы деуімізге болғандай. Орта жүз қазақтарында Арғын атты рудың барлығы және оның рулық таңбасы Адайдың рұлық таңбасымен өте ұқсастығы коңілімізге біраз ой салады. Шежіреші ақындарымыздың бірі Түмен Балтабасұлы «Адай тегі туралы» деген толғауында Арғын атын атайды.

Әрине, бұл – тарихшы ғалымдарымыздың назарында болатын жайттар.

     Сонда да болса біз тарихшы ғалымдарымыздың жазбаларында аталатын Адайды арғы бабаларымыздың бірінші атасы болар деп шамалаймыз. Әдетте белгілі бір бабасының атын жоғалтпас үшін балаларының біріне қоя салатын, ел ішінде әдет-ғұрыптар болған ғой. Сол айтқандай, Елтай атамыздың жастай өліп, баласын көрмей кетуін еске алып, оның белгісін өскен тұңғыш перзентіне арғы бабасы Адайдың атын ырым етіп қоюын да, міне, біз осы бергі Адай атамыздан, бастап шежіре желісін таратып кеткен болармыз деп жорамалдаймыз.                                                                                                                                                                                  

     Сонымен: «Адайдың әкесі Елтай» деп осы уақытқа дейін айтылып келе жатқан, сөздер мен шежірелік деректерді қалай жоққа шығарасың? Әрине, жоққа шығара алмайсың. Өйткені ол – ақиқат, шындық.