Сегіз арыс Адай төңірегінде.

                                

           Жетім қалған Адай баланы Таздың шешесі Моншақты бауырына басып, мәпелеп өсіреді. Мұны халық жыршылары айтатын өлең жолдары растай түседі:

            Баласы Байқожаның атам Елтай

            Туылған Адай едік Анайыдан.

            Анадан айға жетпей жетім қалдық,

            Тас түссе көрмек деген талайынан.

            Баласын көрмей кетті Елтай бабам,

            Асығыс ажал келді құдайынан.

            Моншақ та Таз, Адайды бір емізіп,

Сипапты жас сәбиді маңдайынан.

Таласып Тазбен бірге емшек еміп,

Адай, Таз атаныпты сондайынан.

Сондай-ақ ел аузында айтылатын «Үйрек пен қаз егіз, Адай мен Таз егіз» деген сөздер де Адай мен Таздың о бастағы туыстық жақындығымен қатар егіз баладай болып өскендігінен де дерек береді.

            Қарттарымыздың ұзын-сүрлеу әңгімелеріне қарағанда, Қыдырқожа бай балаларына ен таңба бергенде Адай жиенін атамай тастайды. Сонысын білген есерсоқ Адай: «Атам маған таңба бермеді», деп Жәмбі нағашы әжесінің мойнына асылып, тыныштық бермейді». Әбден тынышы кеткен әжесі осыдан құтылайыншы дегендей: «Атаң бермесе, таңбаны мен ақ берейін – деп, бұтының арасына қолын салып, «Мә саған таңба» деп ортаңғы үш саусағын көрсетеді. Бұл біздің қазіргі үш айыр жебенің ұшындай, Адай таңбамыздың шығу тарихы осылай екен деп шалдарымыз әңгімелейді. Енді осы айтылғанды қағаз бетіне салып көрсетсек, ол таңба мынадай болып белгіленеді:

 

  Сонымен, екі байдың ұрпақтары қосылып, 12 аталық орын болып, Бай деген сөздің әсерінен өздерін он екі ата Байұлымыз деп атандырыпты. Сонымен, Адай бала жігіт боп, ат беліне мінгесіп, ұзамай-ақ ел көзіне түсіп, «Батыр Адай», «Балуан Адай» дегендей атағы асқақтап, таныла бастайды.

            «Жігітті жұрт мақтаған, қыз  жақтаған» деген халық мәтеліндей Адай ата Бексұлтан төренің қызы Айымнұрдың көзіне түсіп, соған үйленіп, бас қосады. Бұл – аңыз емес, ақиқат, шындық деседі қарттарымыз. Оған сенеміз де. Ондағы ой тоқтатарлық дәлеліміз – Қалнияз ақын бір сөзінде «Ар жағымды сұрасаң, төре нәсіл ер деген, нәсілім төре болғасын, қай жерімді кем деген?» - деп сөз етсе, Қашекең (Қашаған-ата) Тама Ізім Шайырмен айтысында: «Мен төре нәсіл қыздан болдым», - демей ме? Сондай – ақ Түмен ақын Балтабасұлы да: «Төрт ата жері төренің, анамыз төре қыз екен», - деп сөзге қосыпты. Бұл үш ақынымыздың да төре сөзін ауызға алып мақтаныш етулері, арғы шешесі Айымнұр әжеміздің төре нәсілінен екендігін еске салғаны болар деп ойлаймыз.

         Құймақұлақ қарттарымыздың айтуынша, Айымнұр әжемізден  Құдайберді, Келімберді атты екі бала өмірге келеді.

         Әжеміздің еркелетіп қысқартып айтуынан келе-келе Құдайбердісі Құдайке болып, Құдайкесінен екі бала: Қосай, Тәзіке, Келімбердісінен болса Құнан, Ақпан, Шыбынтай (кейін Балықшы), Әлнияз (Бұзау кейін Жеменей), Тобыш, Мұнал атты алты бала дуниеге келіп, соңында сегіз бел немере қосылып, Сегіз арыс Адай болып қалыптасады.

Енді айталық біз парқын

Сегіз арыс Адайдың

Сөз тыңдасаң кел жақын:

Бірі - самал, бірі - салқын,

Бірі – жаңбыр, бірі – қарқын,

Бірі – мырза, бірі – ер,

Бірі – арыстан, бірі - шер,

Бірі – биік, бірі - өр,

Бірі – мақпал, бірі – зер.

            Халифа руында болмаса

            Жаһанға келмес мұндай ел.

Енді әңгімемізді жалғап айтар болсақ, Адай атамыз «Маңғыстау энциклопедиясында» көрсетілгендей, ХV ғасырдың екінші жартысында қазақ хандығы құрылып жатқан шамада өмірге келген сияқты. Даланың ауызша тарихында Адай атамыз тым ұзақ жасап, 115 жасындаөмірден өтіпті деседі. Қарияларымыздың айтуынша Адай атаның ошақ орны Келімбердінің кіші баласы Мұңалда қалып, оның үлкен әйелі Мақпалдың қолынан шыққан.

            Біреулер Адай атаның мүрдесі Қазығұрт тауында қалды десе, көптеген қарттарымыз Сыр бойы Сауран қаласы маңында қалған деседі. Ал, тарих ғылымыңың докторы Ө. Озғанбаев өз мақаласында «Ер Қосай, сонда бұл қай Қосай?» (Егемен Қазақстан, 26.04.2006ж.) Адай бабамыздың денесі Шаш (Қазіргі Ташкент) қаласының маңында жерленген дейді.