Ер Құдайке

                                             

           Әкесі Адай атаның ерлік жолын жалғастырушы ретінде Құдайке атаның да аты аталады.Аңыз сөздерде айтылуынша, ол нағашы жағы Төрелерге қосылып ертеде-ақ ат жалын тартып мініп, жорықтарға қатынасыпты. Көбінесе қалмақтармен болған шайқас-жорықтарға қатынасқаны айтылады. Шындығында, ол табиғи жаратылысынан қайратты, ірі денелі, қажырлы адам болған деседі. Көбінесе оны жекпе-жекке шығатын жерлерде «Құдайке құламас» деп жекпе-жекке шығарады екен. Сондай жерде ол көңіліне қорқыныш алмай, батылданып кететін болса керек. «Құдайкедей құтырынып» делінген сөз де содан қалған деседі қарттарымыз. Жоңғарлармен болған шайқастардың бірінде қалмақ батыры Еренжімен жекпе-жекке шыққанда, қарсыласының қамдануына шама бермей, түйреп найзалапты. Шамасы, шапшаң адам болса керек, жаушылықта үнемі қара ат мініп жүреді екен деседі. Құдайкенің өмір сүрген уақыты әйгілі ханы – «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөзді қалдырған Қасымның тұсына келеді. Энциклопедияда оның хандық құрған жылдары 1511 – 1518- ге дейін деп көрсетілген. Маңғыстаулық Қаржаубай жыршының айтуына қарағанда:

            Ер Құдайке Қасым ханның айбары,

            Жауды көрсе алау жүзі жанады.

            Шаш шаһарын қорғап қалған қанымен

            «Қазағым» деп жанын садақа байлады, -

Деген сөздеріне біраз ой жүгіртуге болғандай. Қазақ ССР тарихының 2 томдағы (1983ж.) көрсетулерінше Қасымхан Ташкент (Шаш) маңында Шайбани ұрпағы Сүйініш қожамен шайқасып, осы шайқаста өзі жараланып, әскерінің талқандалғаны айтылады. Қаржаубай ақынның: «Шаш шаһарын қорғап қалған қанымен» деуі Қасым ханның талқандалған көп әскерінің ішінде батыр бабамыз Құдайкенің де мерт болғандығын еске салғандығы болар деп шамалаймыз. Шежірешілердің айтуына қарағанда Құдайке батыр да Ташкент қаласының Құбыла батысында 60 шақырымдай жерде жерленіпті. Сол жерді қазіргі тұрғындары күні бүгінге дейін «Құдайке – қазақ моласы» деп айтады екен.

Құдайке атаның әйелі Тама ішіндегі Мәуленберді деген қожаның қызы екен деп естиміз, бірақ оның атын білмейміз.