Құдайке ұлы Ер Қосай

                               

            Ал, Құдайкенің баласы Қосай жасынан ер атанған батыр, оның үстіне өзіне Қыдыр дарыған қасиетті адам болған. Ол туралы аңыздар өте көп

            Бабалары бұлардың батыр Адай

            Жаратқан абзал қылып оны құдай

            Беріде пір атанып Бекет шығып,

            Әріде ту көтеріп шыққан Қосай! –

деген жолдар қалған.

Ұрпақтан-ұрпаққа тарап, халықтың аузында жүрген әңгімелердің қоспасы көп болатыны белгілі. Дегенмен, оның қайсыбір адамдар тұрғысында ғана айтылатынына қарағанда сол жайында әңгімеде айтылған көптеген қасиеттердің болуы әбден мүмкін. Қосай атаның елден ерекше қасиетін көрсеткен бізге жеткен бір әңгіменің оқиғасы мынадай. Бірде Қосай өзінің Тобыш және Мұнал деген екі немере інілерімен жолға шығады. Қыс айы болса керек, күн суық екен. Жүргіншілер күн батқанша жол жүріп, ел қарасын көре алмайды. Әбден тоңып, әрі қарындары ашқан екі інісі ағасына қарап: «Уа, қадірлі жасы үлкен ағамыз, жұрт сізді жүрсе – жолы болғыш, тілесе – тілегі қабыл, айтса – айтқаны айдай келетін әулие абыз деуші еді. Сол қасиетіңізді көрсетпесеңіз, біз әрі ашығып, әрі суықтан тоңып, өлер болдық қой» деп қынжылады. Сонда Қосай ата атының басын тежеп, жүзін құбылаға қаратып, сәл уақыт күбірлеп тұрады да: «Азырақ жүріп алдымыздағы белестен асып түселікші, қонар жай сол жерден табылар»,- депті. Айтқандай жолаушылар бір белестен асса, алдарынан ақ боз үй, жанған оттың сәулесі көрінеді. Айдаладан шыға келген мынадай ғаламатқа екі інісі әрі қуанып, әрі таң қалады. Сөйтіп, аттарынан түсіп, жапанда отырған жалғыз үйге кіреді. Үй ішінде ақ сақалы желбіреген жалғыз қарт отыр екен, ол қонақтарды жылы шыраймен қарсы алады. Амандық – саулық сұрасқаннан кейін: «Ал балаларым алыс жолдан тоңып келдіңдер ғой, қазандағы тамақтан алып, бой жылытыңдар», дейді. Қуанып кеткен жас қонақтар асты өздері түсіріп,дастархан жайып, отқа жылынып мәз болып қалады. Тамақ желініп болған соң, үй иесі Қосайға қарап бата беріңіз деген ишара жасайды. Сонда Қосай ата алақанын жайып:

            Жолаушының жолында бол

            Жолыққанның жанында бол

            Тарыққанның қамында бол

            Әркез атыңды атап – сиынғанның маңында бол!-

деп бата береді. Сосын әлгі қарияға қарап: «Ал қасиетті бабамыз, ас үстінде бізге де ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беріңіз», деп қолын жаяды. Сонда үй иесі:

            Жүрсең жолың болсын,

Жүрген жағың оңың болсын.

Көптен қолың болсын,

Бақ – дәулетті малың болсын.

Ақ тілегім қабыл болсын,

Алты алашқа атың қонсын.

Бар керемет өзіңнен табылсын,

Өзім деп келгеннің

Ықыласы қабыл болсын, әумин, - деп бата берген екен.

Әрі жылынып, әрі қарындарын тойдырып қатты ұйқыға кеткен екі інісін Қосай ата таңертең тұрыңдар деп оятса… Міне ғажап… айналаға қараса түндегі үй де, ақ сақалды қария да, қазан-ошақта жоқ, айдалада қонып жатыр екен. Қосайдың екі інісі мына кереметке таң-тамаша болады. Ал Қосекең өзі түк болмағандай, оларды жолға бастайды. Сөйтсе, аңыздардың айтуына қарағанда, бұл таң-тамашаны істеп кеткен Қосайдың пірі, қорғап жүретін Қыдыр иесі екенін айтылады….

Әрине, мұндайға қазіргі заман адамдарының сене қоюы қиын. Бірақ , күні бүгінге дейін Қосай бабаның басына түнеп, тілектері қабыл болып жатқан адамдарды қайда қоямыз? Қазіргі Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қаласының маңындағы Бестөбе деген елді мекеннің қасындағы оның кесенесіне ағылып келушілер саны жыл санап көбейе түсуде. Соның ішінде атаның басына түнеп, Алладан тілек тілеген талай адамдар қатерлі дерттерінен ада болып, бала көтермеген келіншектер сәби сүйіп, тағы да басқа игілікке қолдары жетіп жатқаны рас.

            Қосай ата күмбезіндегі пікір-тілек дәптердегі жазуларға қарасаңыз Қазақстанның бүкіл аймағы ғана емес, бір шеті Ираннан, Ауғанстаннан, Өзбекстанмен Түркменстаннан қаптап келіп жатқан адамдардың жазуларын көрер едіңіз. Қасиетті болмаса шекара асып, халық алыстан келер ме еді?

            Қосайдың туған жылы жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ оның Хақназар ханның тұсында ел билігінің белсенді ортасында болғаны мәлім.

            Қазақ энциклопедиясында Хақназар 1538-1580 жылдар аралығында 42 жыл хан болғаны көрсетіледі. Қосай сол ханның оң тізесін баса отыратын серігі, жауға шапса қол бастайтын сардары, дауға салса соз бастайтын шешені, қиын түйін болғанда ақыл берер кеңесші болыпты. Қазақ даласына төнген сол тұстағы барлық шайқастарда да ол көзге түскен. Сонымен бірге құба қалмақ шапқыншылықтарында да ханның оң көзі болып жаудың бетін қайтарған.

Жоңғар, Хиуа шапқыншыларымен айқастарда да ол талай рет ерлік көрсеткен. Құба қалмақ заманындағы бір шайқаста ол жаудың бас батыры  Доржы палуанды жеңіп, қазақ қолына қайрат-рух береді. Тағы бірде ойраттың Хорыл батырын да ат артына бөктеріп, еліне олжа салады. Қазақтың астанасы Түркістан қаласын Баба Сұлтан шапқанда алаш деп атқа мінген қалың қолдың басында да Қосай болып, жаудың бетін қайтарады. Міне осындай оқиғалар оның даңқын қалың қазақ даласына танытып, елі «Ер Қосай» деп оны төбелеріне ту етеді.

            Хақназар өлгеннен кейін қазақ даласын оның баласы Шығай ханның басқарғаны белгілі. Қосай ата жас ханмен тіл табыса алмайды. Сол себептен болса керек, Қосай бастаған 40 мың үйлі иесі алшын әулеті Сыр бойынан көшіп, Нұрата, Кенимех жағына  қарай бағыт алады. Бұл туралы «Кіші жүздің шежіресінде» де (құрастырған Х. Маданов) айтылады. Ал аузы дуалы, қасиетті ақсақалды қадірлемеген Шығай ханның өзі де ұзақ уақыт хан болып тұра алмай, екі жылға жетпейтін уақытта тағынан түседі.... Қосайдың қасиеттері туралы жазған адам көп. Соның ішінде жаңаөзендік Өмірзақ Қалбайұлы «Ер Қосай» атты дастан шығарған, онда Өмекең:

Ер Қосай ер де болған, пір де болған

Қосылып жақсылармен бірге болған

Кіші жүз қалың Алшын ортасында

Байұлы он екі ата ірге болған

Тұтқасын халқы қадір өзін сыйлап

Орыны көп ішінде төрде болған

Бір көзі елдің шеті жауда болған

Бір сөзі әділ төре дауда болған

     Қосай, жалпы адай елінің сиынатын аруағына айналған адам. Бекет ата пір шыққанға дейін мұндағы жұрт Қосайдың рухына тәу еткен. Халық арасында айтылатын мынадай аңыздар бар. Егер ел жасақ жинап, жауға аттанатын болса, қолдың басшылары: «Араларында Қосайдан кім бар?» деп сұрайды екен. Қолдың ішінде Қосай ұрпағынан адам болмаса, онда жол болмайды деп ойлап, аттанысты кейінге қалдырып отырған. Немесе сол маңдағы жақын ауылдарда бар болса, Қосай атаның ұрпағының үйіне түсіп, оның рухына бағыштап мал сойып, дәм беріп құран оқытқаннан кейін ғана жолға шығады екен. Қарақалпақстандық Кенжеғали Тұрмағанбетұлының аузынан жазылып алынған өлеңде:

            Қосайдың ұрпағы бар жерде

            Басқалар бата қылмаған

Қысылған кезде, тар жерде

«Иә Қосай» десе қолдаған

Қосайдан біреу болмаса

Әскерде жауға шаппаған

Атамыз Қосай қолдаса,

Қас жауын жеңген, таптаған,- деген жолдар бар.

Ол да Қосай атаның атағын ұрпағы қалай пір тұтқандығын растайды.

           Қосай атамыздың бірінші әйелінен  Әлдеке, Төлен, Сүйін деген үш ұлы болады. Үш ұлынан Бегалы, Бердіқожа, Қуаныш, Кеніш, Едіге, Ермек есімді алты немере сүйеді. Бір күні Қосайдың Ақпан (Келімбердіұлы) деген өркөкіректеу бір інісі көршілес отырған шекті руының біраз малын айдап алып келеді.

            Қосай атаның «кісі ақысын жеме, біреудің малын қайтар, обал болады дегенге» інісі көнбейді. Оны көндіре алмаған Қосай қатты налиды.

Кешікпей алты шектіден қуғыншы келеді, оның ішінде қасиетті адам, мал иесі Әлменқожа да болады. Қазақтың дауы қисынымен ұтады ғой, олар малдарын алған Қосай ауылдары екенін айтып, көп дерек-дәлелдерін жайып салады. Мойындамасқа лажы болмаса да Қосай інісін ұстап беруге қимай, «көргенім жоқ» деп сөйлеуге мәжбүр болады. Қосайдай әулие адамға бұл жараспайтын қылық екен, осы сөзді бекер айттым-ау деп өзі де көп уақыт құса болып жүреді. Ал, әлімдер мұның жалған сөйлегеніне жағасын ұстап, налып кетіп қалады...

            Сонымен біраз уақыт өтеді. Күз өтіп, қыс келеді. Сырдың суы қатып, шаруа жайымен ел қыстауға көшуге бет алады. Қосайдың інілері елмен бірге арғы жаққа көшейік десіп ақыл сұрап, ағасына келеді. Ал батыр болса, жорыққа кеткен Әлдеке мен Төлен деген балаларын тосатынын айтып, інілеріне көше беруге рұқсатын береді. Содан бірер аптадан кейін сапарға кеткен балалары оралған соң, Қосай ауылы да Сырдан әрі асып көшуге бет алады.

            Шежірешілердің айтуына қарағанда, осының алдында Қосай жаман түс көріп, одан тұла-бойы түршігіп, қатты түңілген екен. Бірақ ондай-мұндайдан үркей берсе батыр бола ма, көшті тоқтатпай,    інілерінің ауылдары кеткен жаққа бұлар да шығады. Сөйтіп, қалың көш дарияны кешіп, ортасына келгенде, кенеттен дауыл соғып, мұз жарылып, дүние астан-кестен болады. Алланың құдіретімен сол сүргіннен көш бастаған Қосай ата ғана арғы жаққа аман өтеді. Бұл оқиғаның растығы сол, оны маңғыстаулық барлық жыршылар, көнекөз шежірешілердің бәрі де айтқан. Осындай қанды апаттың тарихта болғаны рас. Одан кеше ғана болып- толып отырған Қосай ауылынан ақсақалдың өзі ғана қалады. Қайғыдан қаусап қалған қартты бағу үшін Тәзіке деген інісі қолына алады. Тәзікенің Ақыл есімді әйелі де көреген жан екен, ол қайғыдан қанша шөгіп кетсе де Қосайдың еркектік қуатының барын аңдап, күйеуін оған әйел алып бермекке азғырады.

            Басында ағасын баға алмады деген атаққа қалармыз десе де, әйелдің ақылды сөздері көкейіне қонған Тәзіке оның айтқанына көнеді. Сөйтіп, көрші қонған Ата түрікмен руының Сейтбеглі ишан деген кісінің мұзда жығылғаннан аяғы мертіккен Оғылменлі атты ақсақ қызын қалыңын төлеп алып береді. Сол тұста Қосай атамыз 69 жаста, ал Оғылменлі әжеміз 28 жастаекен деп айтады шалдарымыз. Сейтбеглі, Сейітқұл деген туыстас кісілер Ата (Қожа) түркмендер арасынан. Екеуі де кезінде елге сыйлы, зиялы жақсылардың бірегейлері болыпты. Сондай-ақ, екеуі де Ер Қосай атаның замандасы әрі ең бір көңілі жақын, силастық білдіретін достық қатынастағы кісілер болыпты деп айтады қарттарымыз. Қарияларымыздың айтуынша Сейтбеглі ескіше оқып, ишан атағын алған зайырлы адам болған кісі. Ал Сейтқұл болса ерлігі де, билігі де бар, оның үстіне түзде жүруді ұнататын саяткер кісі екен.

            Жоғарыда аталған екі кейіпкерлеріміздің Сейтбеглі, Сейтқұл болып аталуы, тегі қожа- Сейіттерден шыққандығын білдіретін, Сейіт сөзі қосалқы атама болар деп жорамалдаймыз. Сондықтан да, бұдан былай Сейіт делінген атауды қосақтамай, Беглі ишан деп атауды жөн көрдім. Оғылменлі әжеміз әкесінің медресесінде оқып, ескіше сауат алып шығады. Жасында тайғанақ күні жығылып, содан мертіккен, аяғын аздап сылтып басқан екен деседі жасы үлкендеріміз. Түрікмен анамыздың келген аяғы құтты болып, кеше ғана қу бас болып қала жаздаған Атамызға бірінен соң бірі алты ұл тауып береді. Бірінші баланың аты Байбол .Байболдан кейін Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли, Сүйіндіқ болып,-барлығы алты бала өмірге келіпті. Сүйіндік туғанда Қосай атамыздың 82 жасқа шығып тұрған тұсы екен де, ал Оғылменлі әжеміздің 41 жасқа қараған шағы екен,- деседі қарияларымыз. Қосай ата Сүйіндікті қолына үстап тұрып « Тірі болсын .Тірі болса, Адайдың бірі болар, жақсысы болмаса, жаман адай» болар-депті. Әруақты атамыздың сондағы айтқан сөзі бойынша Сүйіндік ұрпақтары соңында «Жаман адай» атаныпты, деседі көне сөз құлағында қалған қарттарымыз. Сондағы Сүйіндік туылған күнгі жиын үстінде Оғылменлі әжеміз Қосай атамызға айтқан екен: «Сіз балаларыңыздың аттарын бірін жақсы адай, бірін жаман адай дегендей, өзіңіз атап қазақшылығыңызды білдіріп жатырсыз. Өз беліңізден болғандығын да көп алдында айғақтап айтып отырсыз. Сонда алты бала да өзімнен болды деп, мені құр тастайсыз ба, менің тоғыз ай, он күн көтеріп жарық дүниеге шығарған аналық ақым қайда?»--деген екен. Зайыбының сөзіне ден қойған Қосай атамыз: «Бүл сөзің орынды да. Әкесіз бала болмайтындығы сияқты, анасыз бала да туылмайды. Қайта әкеден гөрі анасының ақысы зор деседі. Сенің де тілегің орындалсын. Мынау алты баланың үрпақтары «Түрікмен-адай» аталатын болсын. Сонда екеуміздің Адай делініп менің, түрікпен делініп сенің де атың аталғаны емес пе», - деген екен.

«Қарияларымыздың, сұңғыла шежірешілеріміздің, айтуынша Қосай ата 87жасында дүниеден өтіпті, ал туған жылы шамамен 1507жылға келеді!»-деп жазған Ө.Озғанбаев «Ер Қосай, сонда бұл қай Қосай?» мақаласында (Егемен Қазахстан 26.04.2006ж.) Ал, Өмірзақ Қалбайұлы кітабында «Қосай ата» 2007ж. 42-43беттеріңде бұлай дейді : «Сыр бойында отбасы опат болған кезде Атаның жасы 68-де екен деп қарттарымыз айтады. Қосай ата ауылы да, міне осы тұста оңтүстікке қарай ауысқан. Алшын аталастарымен қатар Сыр бойынан қоныс аударған деуімізге болады. Шығай ханның хандық құрған 1580 жылы қоныс аударған десек, онда Атаның туылғаны 1512 жылы болады. Атыраулық шежіреші қарияларымыздың бірі, көптеген жыл газеттерде редакторлық қызмет атқарған қарт журналист Бисембет Құрманов марқұмның үй архивінде сақталған жазбалары арасынан «Ер Қосай ата 1520 жылы туылып, 1607жылы 87 жасында қайтыс болып, мүрдесі Бестобеге қойылған» делінген жазба дерек шықты. Бірақ марқұм ағамыз бұл деректі қайдан алғандығын, немесе қандай мәліметтерге негізделіп жазғандығын айтпаған. Әйтсе де, біз осы Бисембет аға келтірген деректі, шындықтан шалғай кетпеген болар деп көңіл қоямыз».

Сонымен, Қосай атаның ауылы Сыр бойынан келіп, Әмудария жағасында Бестөбе маңын қоныстап жүреді. Қазіргі Қарақалпақ жерінде. Біздің шамалауымызша, Қосай ата жастық шағын ел қорғаған ерлер қатарында өткізсе, кейінірек жасы егде тартқан кезінде ел билігіне араласып, Алшын елінің төрағасы ретінде танылған деуімізге де болады. Дария бойындағы Бекбай тоғайлығын қыс қыстау етеді. Бұл жерде әліге дейін «Қосай көлі» делінген, Қосай атаның қыстау орны сақталып тұр.Сыртқарақта Қызылқұм ішінде «Қосай тақыры» делінген жаз жайлау орны да сақталған. Жұртшылғымыз Әмударияның осы тұсын «Қосай өткелі» деп атайды. Шежіреші қарттарымыздың айтуынша, Қосай атамыз осы қонысында 18 жыл отырып, о дүниелік болады. Мүрдесін өзі сейіл етіп отыратын «Қосай төрткүл» төбесіне қояды. Жұртшылық оның басына таудың тасынан қиюластыра қалап, мола там тұрғызады. Жылдар өтуімен бертін келе онысы құлап, сондада жұртшылық оның құлап орны биік төбешікке айналған мола тамын айналып тәу етіп, жығылған тілеуханасына түнеп жүреді. Ақыры, заман ағымы жақсылыққа бет алған кезде, Қосай ата ұрпақтары болып бас қосып, Атаның құлап қалған мола тамының үстіне күмбезді кесене тұрғызып, тілеухана мешіт - жайын салады. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, 1990жылдын 1-2 қыркүйек күндерінде Қосай атаның там байғазы, той-садақасы болып өтті. Сол жиында ел ақсақалдарының бірі ОмарЕрмеков тамыз айының үшінші жексенбісін «Ер Қосай ата рухын еске алу күні» деп белгілейік, деп ұсыныс еткен еді.  Жұртшылық бұл  ұсынысты мақұлдады.