Кеңшалбар

                                                       

            Байболдың үшінші баласы Мәмбетқұл ұрпақтары ру санатында «Кеңшалбар» аталады.Мәмбетқұлдың неліктен Кеңшалбар болып аталғандығы жайындағы естеліктерден жасы үлкендеріміз төмендегіше әңгімелейді: Қалмақтармен болған бір айқаста бұтындағы кең шалбары далақтаған бір жас жігіт көріне шауып, қалмақтардың қамалын бұзып жол ашады. Сол сапарда қазақ жағы жеңіп, олжалы болып оралса керек. Кеште жасақ басшылары жиналып: «Бағанағы кең шалбары далақтап қамал бұзған қай бала екен?» - деп жөн сұрайды. Сонда баланы танитын біреуі тұрып: «Ол бала Ер Қосайдың немересі Мәмбетқұл деген бала» деп таныстырады. Сонан бастап Мәмбетқұлға «Кеңшалбар» деген лақап тағылған екен деседі. Ал, әйгілі шежіреші Алшын Мендәлиев болса, қазақтар Сарайшықты шапқанда Мәмбетқұлдың Тоқтамыс пен Тоқмамбет(Тоқпанбет) атты екі баласы шалбарының балағын олжаға толтырып, сырттан шалбарлары кең болып көрінгендіктен «Кеңшалбар» атанған екен деп дерек келтіреді.Қалай айтқанда да, Мәмбетқұлдың Кеңшалбар атануы бұтындағы шалбарына байланысты шыққандығын растай түседі.

            Маңғыстау энциклопедиясында «Мәмбетқұл - өскен ауыл. Олардың бір қатары Астрахань, Нарын, Тайсойған, Қарақалпақстанда мекен етеді»,- деп атапты (Маңғыстау энциклопедиясы , Алматы 1997ж. 198 бет).Ер Қосай ерлігін жалғастырушы МәмбетқұлұлыТоқтамыс пен Тоқмамбет(Тоқпанбет).

            Әйгілі ақын Саттығұл Жанғабылұлы:-

Мәмбетқұл екен бес арыс,

 Атадан туып өскеннен                                                                                        

 Бұлардан дұшпан сескенген                                                                                       

Әліге дейін шалбарды                                                                                                    

 Алаш айтып келеді                                                                                                       

Шетінен білғір дескеннен                                                                                         

Қабындап өскен ел еді                                                                                                       

 Ауданы аймақ қол еді                                                                                                  

Қалмаққа шауып топ бұзған                                                                                               

Тоқтамыс пен Тоқпанбет                                                                                               

Атадан туған ұл еді.                                                                                                              

Арыстан, Балтай, Елғонды                                                                                                         

 Оларға тірек іні еді.                                                                                                            

 Көне сөз бағдары құлағында қалған қарт кісілеріміздің сөздеріне құлақ түрсек, олардың әңгімесінің көбі ерлік жайында болып, әсіресе Тоқпанбет батырдың ерлік істерін айтып отыратын. Олардың айтуынша, бірде Тоқпанбет батыр калмақ ауылын шауып, бегінің кызың олжалап қайтады. Әкелген қызын ағасы Тоқтамысқа береді. Тоқтамыстың Жезбике атанған қалмақ әйелі сол қыз екен деп әңгімелейді шежірешілеріміз. Бірде Тоқмамбеттің (Тоқпанбет) оң қолына оқ тиіп ауыр жарақат алады. Сол сапарға астына Тоқтамыстың жүйрік торысын мініп шыққан екен. Айқай-шуға желіккен ат беті алдына шаба жөнеледі. Сонда жолдастарының біреуі оны жаудан қорқып қашып бара жатқандай көрсе керек: «Ау, сен қайда барасың?»- депті. Сонда Тоқпанбет батыр: «Тоқтамыстың торысын тоқтата алмай барамын, оң қолыма оқ тиіп оқсата алмай барамын», -деп жайын айтыпты.Тоқпанбеттің жағдайын білген жолдастары көптеп-көлемдеп торы аттың алдын орап, тоқтатып Тоқпанбеттің жарасын таңып берген екен дейді. Тоқтамыс пен Тоқпанбет талай шайқастарда көзге түскен белгілі берендер болған, бұлар көбінесе қалмақтармен болған шайқас-ұрыстарға қатынасқан.Тоқпанбеттің сауыты 1930 жылдарға дейін кейінгі ұрпақтарының бірінде сақталып келген екен. Бірақ Адай көтерілісі(1929-1931ж.ж.) кезінде қызыл белсенділерден үрейленген үй іші лажсыздан сауытты тау жырасының біріне көміп тастаған. Кешікпей оны көмген кісі де о дүниелік болып, басқалары оның қай жыраға көмгенін біле алмай, іздестіргенмен таба алмапты.                                                                     Мәмбетқұлдың екінші  баласы Тоқмамбет(Тоқпанбет) батырдың бірінші әйелінен Шыбынтай, Жамантай, Қарақұл туылады, ал екінші әйелінен (Қадірет шежірешісінен) екі бала - Әлібек пен Шан.

            Болыпты Тоқпанбеттің бес баласы

            Айтуға бәрін бірдей көп саласы

            Бесеуі екі анадан туған екен

            Ешкімнің оныменен жоқ таласы

            Қарақұл ішіндегі батыр екен

            Әлібек айтар сөзге батыл екен

           ШыбынтайШаңы менен мырза болып

            Жамантай қара шаруа мақұл екен.

Шежіреші шалдарымыз алты шалбардың өскен жері Тоқмамбет ұрпақтары деп атайды.

           Әсіресе, Тоқпанбеттің (Тоқмамбет) Шыбынтайы кең жайылып, өсіп кеткен деседі. Онысы дұрыс та болар. Олай дейтініміз, ел аузында айтылатын «Шыбынтай көппе, шыбын көп пе» деген сөз де Шыбынтайдың көптігін еске түсіріп тұрғандай.

            ШыбынтайданБұланай,Қонбас, Ерназар, Қартабай, Қазыбай, Мылқымбай атты алты бала туылады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, осы Шыбынтай ұрпақтарынан дазиялылар көбірек шыққан деседі. Бір өкініштісі, біз олардың әріректе өткен жақсыларын жақсы білмейміз. Бір жақсысы кейінгі кезеңде шыққандарынан аз да болса хабардармыз. Олардан, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Атырау облысынан сайланған Қазақстан Республикасының тұңғыш сенаторы Төлеуіш Серіковтің атын атауымызға болады, сондай-ақ кезінде Қазақстан оқу министрі болған, қазір Өскемен институтының ректоры Аман Мәмбетқазиевті, Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары болған Хамит Мәмбетқазиевті, философия ғылымының докторы, академик Құрамыс Ермековті, атақты домбырашы,  Д. Нұр-пейісова атындағы саз академиясының профессоры Әзидолла Есқалиевті де атаумызға болады және  домбырашы, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының профессоры Карима Сахарбаева, кеңес армиясының полковнигі Ләтипа Өтепбергенқызын да айтып өтуіміз орынды.

            Жұртшылығымызға бұрыннан аты мәлім ақпа ақын Насихат Сүгірұлының да осы Шыбынтай ұрпағынан екендігін де еске салып өтпекшіміз.

           Шыбынтай атадан туған Бұланай, Бұланайдан Кеңтоғай, Кеңтоғайдан Бейіс, Бейістен Қашқынбай. Бұлар жөнінде қандай кісілер болған, әзірше ешқандай мәлімет табылған жоқ.

           Ал, Қашқынбай атаның сегізінші баласы Шаит пен тоғызыншы баласы Махмұд аталар жөнінде Жанарыс атамнан 1973-1975 жылдары естіген әңгімемді айтайын.

            Жалпы біздің аталар Қазан төңкерісіне дейін (Қазан 1917ж.)  байқуатты тұрған.

           Шаит атамыздыңарқасы болған дейді, өзі өте қатты кісі болған, шындықты айтуды жақсы көрген. Шаит атаның қаттылық көрсеткен бір әңгіменің оқиғасы мынандай. Бірде үйде отырған қонақтардың көзінше «қолыңнан темекі исі шығып тұр деп» қамшымен дастарханнан Сайхал баласын қуып шыққан (бұл уақытта Сайхал ата 35-36 жаста екен, және де үш баланың әкесі).

           Шаит атаның жерленген жері Корни ауылы, Володар ауданы Астрахан облысы, ал ол кісінің кемпірі Түңіл әжеміздің қайда жерленгені белгісіз.

            Шаит атадан туғандар: Жанбағи-апа, Жанарыс-ата, Мұғти-ата, Нағын-апа, Сайхал-ата,Фазила-апа, Марзия-апа, Заир-ата.

 Жанбаги-ападан бір ұл болған, ол кісі 1939ж. Фин-соғысына барып қатысып, сол соғыстан қайтпаған. Одан кейін үш қызы болған, олардан жиендері бар. Олар қазір Астрахань облысында тұрады. Мен жақсы білетін жиендерінің біреуі Салават (Сенғали) Мұрзагалиев Астрахан облысы Володарда тұрады, екі баласы: Равиль, Рустам, немерелері бар.Жанбағи-апа 1965жылға дейін біздің отбасында тұрған, мені, Бауыржанды, Замирді тәрбиелеуге көп қол ұшын берген. Жерленген жері Сорочий ауылы Володар ауданы.

            Жанарыс-ата (1893-1975) жас кезінен өте алғыр адам болған: 2 сыныптық орыс мектебін  бітірген. Көп жылдары аудандық салық агенті болып жұмыс жасаған, өте сауатты, салиқалы, әңгіме айтқанда жан-жағынан хабарлы болған. 1959-1965ж.ж.  бала болсам да, байқайтыным, көпшіліктің ішінде атамның орны төрде болатын, өзінен үлкен кісілер сол кісінің әңгімесін тыңдап отырушы еді.Жанарыс атаның жолдасы Мүлкима (1902-1970 ж.ж) әжеміз Тінімқызы, руы шеркеш, тарамы Қара кемпір,  атақты «Макаш правительдің» ағайыны Танаштың немересі. Жанарыс атам жиі қолданатын сөздері: «Тек жүрсең, тоқ жүресің», «Тірі кезінде адам бір-біріне қонақ, сондықтан бір-біріңізді сыйлап біліңіздер». Атам айтатын: «Мен өмірімде талай рет көргем: «Бірге туғандар тырнақтың ұшына тұрмайтын бірдеңеге бір-біріне ренжісіп, араласпай қалып, ал содан кейін біреу о дүниеге кеткенде, екіншісі келіп жылайды, одан қандай пайда – тірі кезінде араласпаса»,-деп.

Жанарыс атадан және Мүлкима әжеден туғандар: Исмаил-аға, Исмағзам (біздің әкеміз), Парух-аға, Миллят-аға, Меңгер-аға, Зоя-апа.

           Исмаил-аға (1921-1944ж.)өте салмақты, тұйық адам болған көрінеді. Отан соғысында батальон командирінің орынбасары болған, соған қарағанда тегін адам болмаған. Нарва қаласын босатқанда опат болған.

           Парух-аға (1927-1984ж.)өте сауатты адам болған: Астрахан облысында «Бірлік» колхозының председателі, Атырау облысында балық қорғау инспекциясында бас маман, Орал қаласындағы балық комбинатының балық аулау бөлімінің меңгерушісі, «Кушумводстрой» тресінің бас мамандарының біреуі болған.Парух ағаның жолдасы Мархаба Есқалиқызы (1928-1977ж.ж.) руы Шымбай Шеркеш.

Миллят ағада(1931-1952ж.)жастай кеткен: Қызыл армияда әскерлік борышын өтеп жүріп қайтыс болды.

Меңгер-ага(1936ж. т.) Астрахан ауылшаруашылық техникумды бітіргеннен кейін Астрахан облысы Козлово ауылында «Марфинский» совхозында механик болды, одан кейін 1964-1965ж.ж. бастап Орал қаласында балық комбинатында бас механик, ал 1974ж. бастап УПП КОС директоры ретінде зейнеткерлікке шыққанша істеді.Меңгер ағанын зайыбы Зоя жеңгейІзғалиқызы  руы Әлімнің Шектісі (1940ж.т.- 2005ж. өмір сүрді ).Зоя женгеміз өте салмақты, сабырлы адам еді. Әр жұмысты асықпай, баппен атқаратын, ақыл-кеңес айтқанда ойланып айтуды жөн көретін. Ағам мен Зоя апамның кейбір Оралдық жолдастары женгемді «аристократка» деп (сыртынан әзілдеп ) айтатын. Зоя апамды ең сүйікті жеңге деп санайтынмын, ол кісі де мені «Мәлікжан» деп айтатынды.Өкінішке орай ортамыздан ерте кетіп қалды. «Ағасы бардың жағасы бар» дегендей Меңгер-ағам өмір бойы мені қамқорлап келе жатыр. Институтта оқып жүрген кезімде және одан кейінгі уақытта да Меңгер ағам менің басты ақылшым, әрі бағыт беретін ұстазым, былайша айтқанда өмірдегі басты бойтұмарым болды.

1978 жылдың шілде айында Меңгер ағам және Парух ағамыз менің «Молодость» кафесінде үйлену тойымды, яғни Аккенже екеуміздің отбасын құру тойын өткізуге жәрдем беріп, барлық ауыртпалықты қоса көтерді. Расын айтқанда Меңгер аға осы күнге дейін менің және басқада інілері мен қарындастарының ақылшысы. Алла тағалам ол ағама ұзақ өмір, мықты денсаулық беріп, балалары мен немерелерінің арасында, туысқан ағайын бауырларының арасында жүре бергей деп тілеймін.

Зоя- апа(1941ж.т.) және жездеміз Сафи Таспайұлы руы Шумақ Шеркеш.  Зоя-апам Атыраулық (Гурьев ) медицина училищесін бітіргеннен кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін медбике болып, Астана( Целиноград) қаласында емханада жұмыс жасады. Зоя апам алыстағы, жақындағы туысқандарды ойлап отырады, бәріне жаны ашып, бауырына тартып отыратын ақжарқын апамыз. Сафи жездеміз инженер – электрик. Көп жыл  Ақмола (Целиноград) электр желілері жүйесінде жұмыс жасап, «ТыңҚуат(ЦелинЭнерго)» бірлестігінің бас директорлығына дейін басшылыққа көтерілді. Қазіргі кезде зейнеткер, қүрметті демалыста. Сафи жезде салмақты, ақконіл, бауырмал, мінезге бай адам. Берген уәдесіне тұратын, сөзін жерге тастамайтын, туысқандардың қамын ойлап жүретін жездеміз.

            Муғти атадан және Аққүріш әже Ізбайықызынан туған: Маруся-апа, Телман-ага, Клара-апа, Люция-апа. Олар Атырау, Маңғыстау облысында тұрады. Телман ағаның отбасы, қыз-күйеу балаларымен хабарласып тұрамыз.

Нағына ападан туған Дордана, Ғадылша.

 Сайхал(1900-1969ж.ж.) атадан және Қазықан әжеден туған Ануар-аға, Мүнкар-апа, Макар-аға, Макарім-ағай, Марат-аға, Маншүк, Мария, Мұхамбетжан.

            Сайхал атаның жерленген жері Алматы қаласы.

Фазилә ападан туған Мұтара апай, Зурят-апа, Клим-ағай. Мұтара апайдан үш ер бала болған, бәрі де қаза болды. Сайын баласының туған қызы Ресейде тұрады. Зурят апа Атырауда тұрады, ол ападан туғандар: Ермек, Ербол, Ағила, Мұхан. Зурят апа Ермек баласының қолында. Клим ағай жеңгеймен қайтыс болды, баласы Рафхат Атырауда тұрады, бір баласы бар.

            Мәрзия апайдан және Таупих жездеден (руы Шеркеш)  туған Өсиля-апа, Тельман ағай, Герман ағай, Лида-апа, Люся.

            Заир-ата(Шаит атаның кенже баласы) (1915-1985ж.) Отан соғысының ардагері, Кеңес армиясының полковнигі, дивизия командиріның орынбасары, 1961ж. отставкаға шығып, 13 жылдың арасында 1974ж. дейін тарих ғылымдарының докторы, профессор болып, Алматы политехникалық институтында сабақ берді. 1985жылы 9 мамыр күні қайтыс болды. Заир атаның жолдасы Мунира шеше және баласы Исмаил, профессор, Алматыда тұрады. Қызы Роза ғылым кандидаты , соңғы 10-15 жыл Лондонда Қазақстан консулдығында бас директор болып жұмыс істеді, қазір зейнеткер, Москвада тұрады, қызы Гүлмира Алматыда тұрады.

            Махмуд Қашқынбайұлы (тоғызыншы бала) 1879ж. туған 1952ж. қайтыс болды. Екі әйелі болған: Сағипа-шеше (Ақшеше) және Нұрбике шеше.

            Сағипа шешеден туған Жәннат-апа (Даутова). Жанарыс атаның айтуынша Махмуд ата жас кезінде тентек болған, баланың кенжесі болғандықтан еркелеу өскен. Махмуд ата 34-35 жасқа келгенде жас шамасы 16 -18 дегі жас қызды көріп, ғашық болған. Жас қызды ұнатқаны сонша, қыздың еркінен тыс, сол күні түнде ұрлап қашып, онымен Еділ(Волга) өзенінің аңғарында, аралдардың бірінде бір айға жуық түрған. Бұл қыздың есімі-Нұрбике. Кейінен белгілі болғандай, Нұрбике әжеге ертеректе құда түсіп, айттырған және оның ата-анасына көп молшерде қалың мал төленген екен. Әжемізді айттырған жігіт жағы бұны масқара санап, 80-90 шақты жігіттерден қарулы топ жинап, Махмуд атамыздан кек алуға жолға шығады. Адайларда, өз намысын қорғау үшін қол жинайды. Жанарыс атамыздың  естелігі бойынша осы қақтығысқа екі жақтан 200 дей қаруланған аттылы адамдар қолдарына шоқпарларын алып шығады. Егерде бүл кикілжіңге екі жақтың ақсақалдары араласпағанда, сөзсіз екі жақтан да үлкен қан төгіс болатын еді. Сол ақсақалдардың даулы мәселені бейбіт жолмен шешуінің арқасында Махмуд атамыздың туыстары жоғарыда айтылғандай толенген қалың малды екі есе қылып, «зәбір» көрген жігіт жағына төлеп, құтылады.

Махмуд атада ұл бала болмағандықтан, Шаит ата (ағасы) Жанарыс баласын (9-10-ға келген кезінде) інісі Махмудқа берген.

            1924 жылы Жанарыс-ата Махмуд ағасынан рұқсат алып, отау құрып бөлек шығады да, бесіктегі біздің әкемізді Исмағзам баласын Махмуд атаға беріп кетеді. Ұжымдастыру жылдарында (1929-1930ж.ж. ) Махмуд атамыз ұжымдастыру саясаты бойынша бар мал-мүлкінен айырылып, бай ретінде жер аударылып, туған жерден тыс жерге айдалып кету қаупі төнгенде,  аттанардан бір-екі күн бұрын Жанарыс атамыз Махмуд бай емес, қайта «орташа», яғни «середняк» деген құжатты жаздырып, оларды жер аударылып кетуден қорғап қалады.Соның арқасында Махмуд атамыз семьясымен туған ауылында ешқайда кетпей, аман қалады. Содан кейін 1930-32ж. Махмуд-ата күйеу баласы Дауттан қызы Жәнаттан Мінәжат ағаны алады.Махмуд-атаның және екі әжеміздің жатқан жері –Лебяжье ауылы Володар ауданы.

           Мінәжат-аға (1929-1989ж.ж.)өмір бойы Володар аудандық қаржы бөлімінде тексеруші (ревизор) болып жасады.Мінәжат ағаның жолдасы Сағадат(Сания) жеңгей (1935ж.т.), тегі татар.Мінәжат ағадан туған Дамир, Эльмира. Дамирден және Лена келіннен туған Даниэль, Настя Астрахань қаласында тұрып жатыр. Эльмирадан және күйеу бала Махамбеттен екі бала:Ильдар, Рада(Радия), Марфин ауылында тұрады.

           Әкемізді (Исмағзамды) және Мінәжат ағаны Махмуд ата өсірген, соңдықтан біздің фамилиямыз Махмудов болып өзгерді (бұрын Шаитов еді).

           Біздің әкеміз Исмағзам (1924.07. – 1971.03.) жастай ауылсоветінің хатшысы, одан кейін 1958ж. дейін Лебяжий ауылсоветінің төрағасы, 1959-1971ж. «Еңбек» колхозында аға прораб болып жұмыстар атқарған. Әкеміз тамаша домбыра тартатынды.Анамыз Аққалиқызы Хапият(1930ж. туған) руы Қоңыр бөрік Алаша,18- 20  жыл мұғалім, 4-5 жыл Лебяжье ауылдық клубының меңгерушісі, 1973ж. бастап Шевченко( кейін Ақтау) қаласында облыстық радиотелевидение комитетінде зейнеткерлікке  шыққанша кадр бөлімінің бастығы болып қызмет жасады.

           Менің әкем, Парух-аға, Мінәжат-аға менің есімде,өте ашық, қонақжай, бауырмал адамдар ретінде қалды. Көп азаматтарды танып білген  және көпшілік адамдар бұларды танитын еді. Екі ағам мен әкем өз қатарлы адамдардың ішінде алды болды десем де, артық болмас, қолдан келсе, ешкімнен көмегін аямайтын.       -

 

Жоғарыда айтып кеткен ата – бабаларымыз шамамен қай уақыттарда туған?                                                               

Атадан сөз бар : «Жуық шамамен 28-30 жылда бір ұрпақ келеді». Біз Қосай ата қай уақытта туғанын білеміз, қанша жаста Елтай бабамыз өлгенін білеміз. Махмуд және Жанарыс аталардың туған жылдарымен, о дүниеге аттанған жылдарын білеміз. Сондықтан мен  шамалап (очень приблизительно), ата- бабаларымыздың туған жылдарын осылайша анықтадым:

 

Елтай (1438-1460ж.ж) – Адай (1460-1575 ж.ж) – Қудайке (1490 ж.т) – Қосай (1520-1607ж.ж) – Байбол (1590 ж.т) – Мәмбеткұл (1620 ж.т) – Тоқмамбет (1650 ж.т) – Шыбынтай (1680 ж.т) – Буланай (1710 ж.т) – Кентоғай (1740 ж.т) – Бейіс (1770(80) ж.т) – Кашқынбай (1810(20) ж.т) – Шаит (1863 ж.т) – Махмуд (1879-1952 ж.ж) – Жанарыс (1893-1975 ж.ж) – Исмагзам (1924-1971 ж.ж)