Елтай бабамыз қандай адам болған?

                                     

            Бізге жеткен көне әңгімелер желісіне қарағанда, Елтай бабамыз ат жалын тартып мінуден-ақ бес қаруын беліне байлап, халық батырларының қатарына қосыла бастайды. Қарттарымыздың айтуынша, ол талай жорыққа қатынасып, көзге де түседі. Ағаларының кегін алмаққа талай рет қанды шайқастарға қатынасады. «Елтай батыр» атанады. Оның алып денелі, айбарлы, сұсты жүзіде қарсы келген қарсыласын сескендіреді екен деп, әңгімелейді жасы үлкен кісілеріміз. Әйтсе де «отпен ойнағанның қолы күйеді» дегендей, қалмақтармен қақтығыс болған кездерде тартынбай бірден-ақ жауға қарсы шыға береді, қызбалық мінезі оның жастай мерт болуына себебші болады.

            Қазығұрт тауының маңында болған шайқастардың бірінде қалмақ жағы басымдау болып, қазақ жағы жеңіліске ұшырайды. Көптеген қазақ батырлары қаза табады. Солардың қатарында 23 жасқа жаңа қараған Елтай бабамыз да шейіт болады. Халық аузында сақталған:

            Атамыз алып тұлға Елтай батыр

            Бір басы керегемде мыңға татыр

            Оның да шейіт болып өлген жері

            Мүрдесі Қазығұрт тауы, сонда жатыр деп жазылады.

Елтай бабамыздың қаралы хабарын оның досы Жылгелді батыр елге айтып келеді. Бұл тұста Анайы әжеміз ай-күніне толып, отырған кезі екен. Ұзамай ұл балалы болады. Бұл бала біздің атамыз Адай екен деп айтады шалдарымыз. Бірақ, бір өкініштісі, Анайы әжеміз көңілі қалап қосылған күйеуінің қазасына қайғырып, соның күйігінен көз жұмады.

           Біздің Анайы (Қанбибі) әжеміз де үш ұрпақтың (Қыдырсиық, Сұлтансиық, Бақтысиық) ортасында тел өскен, еркежанды, батылдау болып көзге түскендердің бірі екен деп те айтады. Дегенмен, өмірге Адай атты атамызды әкелген Анайы әжеміз бен Елтай бабамыздың тегін кісілер еместігіне ешкім шәк келтіре қоймас.

            Сонымен, бар сенері болған Елтайы қайтыс болғасын, Байқожа ұрпақтары бас көтерері жоқ , ылғи әйелдер болып қалады. Балалардың ішіндегі естиярлау үлкені болған Атадан қалған Темір бала байдың (Қыдырқожаның) шаруашылығымен айналысып, әсіресе жылқы жағында болады. Қалғандары Қалпақтан туылған Таз да, Естайдан туылған Беріш те әлі бесіктен шығып, белі қатпаған жас балалар болды. Оның үстіне қырқынан шықпай жетім қалған Адай қосылып, бәрі де енесінің әкелген жемтігіне аузын ашып жататын құстың балапандарындай күй кешеді. Бір жақсысы Қыдырқожа бай ағасы Байқожадан қалған жетім-жесір туыстарын өз қамқорлығына алып, қарасады. Ал байдың бәйбішесі Жәмби болса Анайы қызынан қалған жиені Адайды емшектен шыққасын бауырына басып, бала қылып өсіреді.